Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Солтүстік Қазақстанға көшпелі сараптамалық жұмыс тобы  келді

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының тапсырмасымен «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған балалардың құқықтарын қорғау  жөніндегі кеңес мүшелері «Бақытты отбасы» жобасы аясында Қызылжар өңірінде  жұмыссапармен болды.

Солтүстік Қазақстанға көшпелі сараптамалық жұмыс тобы  келді

Облыстық әкімдікте өткен кеңесте  сөз алған Балалардың құқығын қорғау республикалық кеңестің өкілі Рысты Жұмабекова кеңестің басты міндеті балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылатынын атап көрсетті.

Аймақ басшысының орынбасары Руслан Әлішев  жергілікті жерлерде балаларға жасалып жатқан қамқорлықтар жайлы баяндады. Жыл басынан бері  4826 аз қамтылған отбасыға көмек көрсетілген.  Инклюзивті негізде білім алатын 2042 оқушыға барлық мүмкіндіктер тудырылған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ресурстық орталық, психологиялық оңалту кабинеті жұмыс істейді.

«Жеті айдың ішінде бір жасқа дейін баласы бар 3424 анаға 351 миллион теңге мөлшерінде  жәрдемақы төленді. Аз қамтылған отбасыларды материалдық қолдау ретінде 35 миллион теңге жұмсалды.  Қосалқы шаруашылықты дамыту үшін 81 көпбалалы отбасы демеуқаржыға ие болды», деді  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары  Гүлмира Мәулетбаева.

Алайда, бұл салада кемшіліктер де жоқ емес. Жыл басынана бері 4 баланың денсаулығына зақым келген. 18 бала заң талаптарын бұзса, 11-і ұрлық-қарлықпен айналысқан. Жыныстық қатынасқа түсудің 14, жас баланы азғырудың 1, зорлаудың  2 фактісі  әшкереленген.

Жиында бала денсаулығын мектепте қадағалау  өзекті мәселелердің бірі екені айтылды. Оқушылар арасында скалиоз, майтабан, тірек-қимыл аппаратының кеселдері көбейіп барады.

Сараптамалық топ мүшелері  екікүндік сапар барысында облыс орталығымен қатар  5 ауданда болып, 60-қа жуық нысанды араламақ.

Солтүстік Қазақстан облысы